Қарағандылық параатлет Бахрейндегі халықаралық турнирде қола медаль жеңіп алды

Анастасия Кутурман Бахрейнде өткен «Manama 2025 World Boccia Challenger» халықаралық рейтингтік турнирінен қола медальмен оралды. Жалпы Қазақстан құрамасы бұл жарыста екі жүлде иеленді.
Байрақты бәсекеде 14 елден 170 спортшы бақ сынады. Қазақстан атынан Астана, Алматы, Қарағанды және Павлодар қалаларынан 10 параспортшы қатысты.
Анастасиядан бөлек, Жетісу облысының спортшысы Қуаныш Асқарбеков алтын медаль жеңіп алды.
Қарағандыда бочча спорты 2020 жылдан бері дамып келеді.
«Бәрі қызыма (ДЦП диагнозымен) лайықты спорт түрін іздеуден басталды. Содан боччаны таптым. Кейін Астанадағы инклюзивті мектептердің бірінде денешынықтыру мұғалімі өз бастамасымен бочча үйірмесін жүргізіп жүргенін білдім. Осылайша біз бір-бірімізді тауып, әуелі Қазақстан бочча федерациясын, екі жыл бұрын облыстық ұйымды құрдық», – деді Қарағанды облысы бочча федерациясы президентінің орынбасары Гаухар Әкіжанова.