Қазақстан ҰОК президенті ҚР Ат спорты федерациясының басшысымен кездесті

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин ҚР Ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиевпен кездесті.
Кездесу барысында ат спортының елдегі даму мәселелері, оның ішінде халықаралық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды дайындау және қолдау жолдары талқыланды.
Назар аударылған негізгі тақырыптар қатарында инфрақұрылымды дамыту, ұлттық құраманың дайындық деңгейін арттыру және бұл спорт түрін халық арасында танымал ету мәселелері болды.
Тараптар сондай-ақ бірлескен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін, ат спортын дамыту, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыру және олимпиадалық спорт түрлерінің абыройын көтеру жолдарын қарастырды.
Федерация құрамасының алдағы турнирлерге дайындығы мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары да талқыланды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында Қазақстан Көшпенділердің дүниежүзілік ойындарын абыроймен өткізді. Мемлекет басшысы Ұлы дала көшпенділерінің әлемдік өркениетке қосқан үлесін, олардың жылқыны қолға үйретіп, шабандоздық мәдениетті дамытқан рөлін атап өтті.
Ат спорты – Қазақстан үшін жай ғана жарыс емес, бұл – ұлттық мұрамыздың бір бөлігі және халықаралық сахнада интеграция жолы. Біздің мақсатымыз – еліміздің спорттық беделін нығайту, жас дарындарды тәрбиелеу және конкур, үш сайыс пен выездка сияқты спорт түрлерін дамыту», – деді Рустам Баялиев.