Бокс

180 спортшының басын қосқан республикалық бокс турнирі аяқталды

Ақтөбе облысы Шалқар қаласында Мөңке бидің 350 жылдығына орай бокстан республикалық турнир және аудан әкімінің кубогы сарапқа салынды. 4-9 наурыз аралығында өткен жарысқа 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер қатысты.

№2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткен додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 180 спортшы жиналды. Турнирдің басты мақсаты – бокс спортын дамыту, жасөспірімдер арасында патриотизм мен ұлттық рухты дәріптеу. Жарысқа Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 12 команда қатысты.

Бәсекеге әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асланбек Шымбергенов арнайы шақырылды. Ол жас боксшыларға өз тәжірибесін бөлісіп, сәттілік тіледі.Жарыс қорытындысы бойынша Шалқар құрамасы 3 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль жеңіп, жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды. Жамбыл облысы 2-орын, ал Қызылорда облысы 3-орын алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов, Мөңке бидің ұрпақтары және «Мөңке би» қорының өкілдері қатысты. Турнир жеңімпаздарына арнайы медальдар, Алғыс хаттар және әр салмақ дәрежесі бойынша белбеулер табысталды. Ал жалпыкомандалық есепте үздік шыққан спортшылар аудан әкімінің кубогымен марапатталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button