Петропавлда Қожаберген жырау атындағы қазақ күресінен республикалық турнир өтуде

Петропавл қаласында қазақ күресінен Қожаберген жырау Толыбайұлы атындағы республикалық турнир өтіп жатыр. Жарысқа 2010-2011 жылдары туған 320 жасөспірім балуан қатысуда. Олар еліміздің 10 аймағынан келген және 10 салмақ дәрежесінде бақ сынауда.
Турнир екі күнге жоспарланған. Жеңімпаздар Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атағын алады. Бұл турнир биыл жетінші рет өткізіліп отыр және оның мақсаты – өңірде қазақ күресін дамыту. Қатысушылар арасында ел чемпиондары да бар.
Қожаберген жырау – атақты қолбасшы, шежіреші, жырау, ақын. Ол халық әні болып келген «Елім-ай» дастанының авторы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир – жай ғана спорттық сайыс емес, ұлы жыраудың рухына тағзым, өнеріне көрсетілген құрмет.
Жарыс 15 наурызда аяқталады.